ҚР неке және жанұя кодексі

9-тарау. СУРРОГАТ АНА БОЛУ ЖӘНЕ ҚОСАЛҚЫ РЕПРОДУКТИВТІК
ӘДІСТЕР МЕН ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ
      54-бап. Суррогат ана болу шарты
      1. Суррогат ана болу шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптары сақтала отырып, жазбаша нысанда жасалады және міндетті түрде нотариатта куәландыруға жатады.
      2. Суррогат ана болу шартының жасалуы қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған балаға ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) ата-аналық құқықтары және міндеттерінің болуын әдейі көздейді.
      3. Суррогат ана болу шартымен бір мезгілде ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) тиісті қызметтер көрсететін, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйыммен шарт жасасады.
      55-бап. Суррогат ана болу шартының мазмұны
      Суррогат ана болу шартында:
      1) ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) және суррогат ананың деректері;
      2) суррогат ананың күтіміне арналған материалдық шығыстарды төлеу тәртібі және шарттары;
      3) тараптардың шарт талаптары орындалмаған кездегі құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;
      4) 57-баптың 1-тармағында көзделген өтемақының мөлшері және оны төлеу тәртібі;
      5) өзге де, оның ішінде төтенше оқиға жағдайлары қамтылуға тиіс.
      56-бап. Суррогат анаға қойылатын талаптар
      1. Суррогат ана болуға тілек білдірген әйел жиырмадан отыз беске дейінгі жаста, медициналық ұйымның қорытындысымен расталған, қанағаттанарлық тән денсаулығы, психикалық және репродуктивтік денсаулығы, сондай-ақ өзінің дені сау баласы болуға тиіс.
      2. Егер суррогат ана тіркелген некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) жағдайда, суррогат ана болу шартын жасасу кезінде жұбайының нотариат тәртібімен куәландырылуға тиіс жазбаша келісімі ұсынылуы қажет.
      3. Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйым балалы болуға тілек білдірген адамдардың өздерінің не донор банктің биоматериалдарының сол үшін пайдаланылғаны туралы толық әрі жеткілікті ақпаратпен оларды қолдану туралы қорытынды шығаруға міндетті.
      Қорытындының бір данасы нотариатта куәландырылған суррогат ана болу шартына қоса беріледі және мәміленің жасалған жері бойынша сақталады.
      57-бап. Суррогат ана болу шарты тараптарының
              құқықтары мен міндеттері
      1. Суррогат ана болу шартын жасасу кезінде ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер):
      1) суррогат ананың медициналық зерттеп-қараудан өтуімен байланысты материалдық шығыстарды көтеруге;
      2) қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылуына байланысты материалдық шығыстарды көтеруге;
      3) қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйымға тән саулығы, психикалық денсаулығы туралы медициналық қорытындыны, сондай-ақ медициналық-генетикалық зерттеп-қараудың нәтижелерін ұсынуға;
      4) суррогат ананың жүктілігі, босануы кезеңінде және босанғаннан кейін елу алты күн ішінде медициналық қызмет көрсету бойынша шығыстарды төлеуге, ал жүктілікпен және босанумен байланысты асқыну болған жағдайда, жетпіс күн ішінде шығыстарды төлеуге міндетті.
      2. Суррогат ана болу шартын жасасу кезінде суррогат ана 56-баптың талаптарына сәйкес:
      1) тапсырыс берушілерге өзінің тән саулығы, психикалық және репродуктивтік денсаулығы туралы медициналық қорытындыны ұсынуға;
      2) дәрігердің үнемі бақылауында болуға және оның ұсынымдары мен тағайындаған емдерін қатаң сақтауға;
      3) өзімен шарт жасасқан адамдарды суррогат ана болу шартында ескерілген кезеңділігімен жүктіліктің барысы туралы хабардар етуге;
      4) туған баланы өзімен суррогат ана болу шартын жасасқан адамдарға беруге міндетті.
      3. Суррогат ана баланы өзге адамдарға беруге құқылы емес. 
      4. Суррогат ананың тұрақты жұмысы болған кезде еңбек қызметін жалғастыру мәселесі суррогат ана болу шарты тараптарының өзара келісімі бойынша шешіледі.
      5. Суррогат ана репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылғаннан кейін суррогат ана болу шартында көзделген жүктілік үшін жауаптылықта болады және табиғи жүкті болу мүмкіндігін болғызбауға міндетті.
      6. Көп құрсақ көтеріп жүкті болу туралы мәселе суррогат ана болу шарты тараптарының өзара келісімі бойынша шешіледі.
      58-бап. Қосалқы репродуктивтік әдістер мен
               технологияларды қолдану
      1. Тіркелген некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған), сондай-ақ кәмелетке толған, некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) және медициналық ұйымның қорытындысымен расталған, қанағаттанарлық тән саулығы, психикалық және репродуктивтік денсаулығы бар әйелдерге қатысты қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға жол беріледі.
      2. Донордың шәуетін қоса алғанда, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде өзі баланы көтеретін және туатын әйел генетикалық ана болып табылады.
      3. Бала қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған жағдайда, бұл баланың ата-аналары туралы мәліметтер осы Кодексте белгіленген тәртіппен жазылады.
      59-бап. Суррогат ана болу шартының немесе қосалқы
               репродуктивтік әдістер мен технологияларды
               қолданудың құқықтық салдары
      1. Ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) суррогат ана болу шарты негізінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған баланың ата-аналары болып танылады.
      Мұндай әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде не суррогат ана болу шартына сәйкес екі және одан да көп бала туған жағдайда ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) әрбір туған бала үшін тең жауаптылықта болады.
      2. Суррогат ана болу шартын жасасқан жұбай (тапсырыс беруші) бала туғаннан кейін туу туралы медициналық куәлікте оның анасы болып жазылады.
      3. Ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) баладан бас тартуы оның туылғаны тіркеуші органда тіркелгеннен кейін белгіленген тәртіппен ресімделеді.
      Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолдануға өз келісімін берген не суррогат анамен шарт жасасқан ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан жағдайда, суррогат анадан материалдық шығыстарды өтеуді талап етуге құқылы емес.
      Суррогат анамен шарт жасасқан ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан жағдайда, ана болу құқығы өз қалауы бойынша суррогат анада қалатын болады, ал ол бас тартқан жағдайда, бала мемлекет қамқорлығына беріледі.
      Ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан кезде және баланы суррогат ана қабылдап алған кезде бұл адамдар суррогат анаға шартта белгіленген мөлшерде және тәртіппен өтемақы төлеуге міндетті.
      4. Ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзған жағдайда, суррогат ана болу шарты бойынша туған бала үшін жауапкершілік ерлі-зайыптылардың екеуіне де жүктеледі.
      5. Ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) біреуі қайтыс болған жағдайда суррогат ана болу шарты бойынша туған бала үшін жауапкершілік олардың көзі тірісіне жүктеледі.
      6. Ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) екеуі де қайтыс болған және олардың жақын туыстары туған баланы асырап алудан бас тартқан жағдайда, бұл бала суррогат ананың тілегі бойынша - оған, ал ол бас тартқан жағдайда, мемлекет қамқорлығына берілуі мүмкін.
      Қорғаншылық нысанында баланың суррогат анаға не мемлекеттік ұйымдарға берілуі оның суррогат ана болу шарты бойынша ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) мұрагері ретіндегі құқықтарын тоқтатпайды.
      7. Суррогат ана болу шарты жасалғаннан кейін шартта көрсетілген мерзім ішінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялардың пайдаланылмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
      8. Суррогат ана болу шарты жасалғаннан кейін суррогат ана табиғи түрде жүкті болған жағдайда шарт бұзылады, ол суррогат ана болу шартына сәйкес тапсырыс берушілер жұмсаған барлық шығыстарды төлейді.