Эктопиялық жүктілік
Жатырдан тыс жүктілік — ұрықтанған аналық жасуша, кейіннен эмбрион жатыр қуысынан тыс жерде бекінетін патологиялық жағдай. Көп жағдайда бұл жатыр түтіктерінде орын алады, соның салдарынан түтік жарылып, кейін қан кетуі мүмкін және бұл шұғыл хирургиялық операцияны қажет етеді. Статистика бойынша әрбір жүз жүктіліктің екеуі жатырдан тыс жүктілік болып табылады. Бұл патология әлі де ана өлімінің себептерінің бірі болып қалып отыр, ал оны төмендету денсаулық сақтау саласының басым міндеттерінің бірі болып табылады.
Заманауи диагностика және емдеу әдістерін қолдану әйелдің денсаулығы мен өміріне төнетін қауіптерді азайтады. Алайда жатырдан тыс жүктілікті бастан өткерген әйелде кейіннен репродуктивтік функцияның әртүрлі бұзылыстары болуы мүмкін.
Себептері
Жатыр түтіктерінің жүре пайда болған патологиялары;
гормоналдық фонның өзгеруі;
жатыр қосалқыларының қабынуы, жыныстық жолмен берілетін аурулар;
құрсақ қуысы ағзаларына жасалған хирургиялық операциялар;
эндометриоз;
кіші жамбас аймағында орналасқан құрсақ қуысының ісіктері;
түсік жасату;
жатырішілік контрацептивтерді (ЖІҚ) пайдалану;
бедеулікті дәрілік препараттармен бақылаусыз емдеу;
анамнезінде жатырдан тыс жүктіліктің болуы;
темекі шегу;
алкогольге созылмалы тәуелділік;
неврологиялық аурулар;
қимыл-қозғалысы аз өмір салты;
35 жастан асқан жас;
күйзеліс.
Диагностикасы
Диагностика келесі зерттеулерді қамтиды:
кіші жамбас ағзаларының УДЗ (жатырдан тыс жүктілікті ерте мерзімде анықтау);
қандағы аХГ (адамның хориондық гонадотропині) деңгейін анықтау: жатырдан тыс жүктілік кезінде аХГ концентрациясы физиологиялық жүктілікке қарағанда баяу жоғарылайды;
диагностикалық лапароскопия (ішкі қан кетуге күдік болған жағдайда).
Емі
Жатырдан тыс жүктілікке күдік туындаған жағдайда өз бетінше емделуге қатаң түрде жол берілмейтінін білу қажет. Егер әйелде жатырдан тыс жүктілік анықталса, оған мүмкіндігінше қысқа мерзімде хирургиялық операция жасалуы тиіс.
Уақтылы диагностикаланған жағдайда операцияны жарақаты аз лапароскопиялық әдіспен жүргізуге болады. Операциядан кейінгі қалпына келу кезеңі 3 аптадан аспайды.
Жатырдан тыс жүктіліктен кейін жаңа жүктілікті жоспарлауға болады, алайда оны алты айдан ерте жоспарламаған жөн. Түсік тастау немесе жатырдан тыс жүктіліктің қайталану қаупіне қарамастан, жүкті болып, жүктілікті сәтті көтеріп шығу мүмкіндігі жеткілікті жоғары.
Егер жатыр түтіктері алынып тасталса немесе операциядан кейін олардың өткізгіштігі бұзылса, жүкті болудың жалғыз тәсілі — ЭКҰ!