Баланит — жыныс мүшесі басының қабыну процесі. Көп жағдайда баланит балаларда жыныс мүшесінің басы күпекпен жабық болған кезде, әсіресе күпек тарылғанда — фимоз кезінде кездеседі.

Баланит бастапқы және екіншілік болып бөлінеді. Бастапқы баланит күпек терісінің астында пайда болған зеңдік немесе бактериялық инфекциядан, туа біткен фимоздан, несептің іркілуінен немесе күпек түзетін препуциалды қапшықта смегманың жиналуынан туындауы мүмкін.

Екіншілік баланит организмде бар инфекцияның несеп шығару өзегі арқылы жыныс мүшесінің басына және күпекке таралуынан туындайды. Мұндай инфекцияларға гонорея, трихомониаз, мерез және т.б. жатады.

Баланиттің белгілері

Баланиттің негізгі белгілеріне жыныс мүшесі басының ауыруы, қышуы, қызаруы және ісінуі жатады. Кейіннен күпек астынан іріңді бөлінділер пайда болуы мүмкін. Шап лимфа түйіндері ұлғаюы мүмкін.

Егер дер кезінде мамандарға жүгініп, ем жүргізілмесе, несеп шығару өзегінің тарылуы, фимоз және оның асқынуы — парафимоз, ал сирек жағдайларда қатерлі жаңа түзілімдер пайда болуы мүмкін.