Эндометриоз
Эндометриоз — эндометрий жасушаларының (жатырдың ішкі қабатының) жатырдан тыс жерлерде өсуімен сипатталатын гинекологиялық ауру. Эндометриоз репродуктивтік жастағы (18–49 жас) әйелдерде анықталады, яғни бұл «етеккір келетін» әйелдерге тән ауру.
Гениталдық эндометриоз кезінде эндометрий жасушалары сыртқы және ішкі жыныс мүшелерінде — қынапта, жатыр мойнында, жатыр қабырғасының қалың қабатында, аналық бездерде және жатыр түтіктерінде орналасады.
Экстрагениталдық эндометриоз сирек кездеседі. Бұл жағдайда эндометрий жасушалары басқа ағзаларда — ішастарда, қуықта, ішекте және т.б. жерлерде өседі.
Эндометриоздың симптомдары
Басқа ағзаларда өсетін эндометрий фрагменттері (гетеротопиялар) етеккір циклінің фазаларына сәйкес жатырдағы эндометрий сияқты циклдік өзгерістерге ұшырайды. Эндометрийдегі бұл өзгерістер келесі белгілермен көрінеді:
етеккір кезіндегі қатты ауырсыну;
мол және ұзаққа созылатын етеккір;
жыныстық қатынас кезіндегі ауырсыну және жайсыздық;
етеккірге дейін және одан кейін қанды бөлінділердің болуы;
бедеулік.
Эндометриоздың себептері
Тұқым қуалайтын бейімділік;
Гормоналдық бұзылыстар;
Жатырішілік араласулар: түсік жасату, жатыр қуысын қыру.
Әйелдерде эндометриоздың пайда болуының нақты себептері анықталмаған. Эндометрий жасушаларының таралуына ықпал ететін бірнеше фактор бар, олардың негізгілері:
етеккір кезінде эндометрий жасушаларының кері бағытта өтіп, кейіннен таралуы және жатыр мойнының, аналық бездердің, жатыр түтіктерінің, қынаптың және т.б. тіндерге бекінуі;
эндометрий бөлшектерінің лимфа тамырлары арқылы тасымалдануы;
несеп-жыныс жүйесінің эмбриондық тіндерінің қалдық бастамалары.
Диагностикасы
Эндометриоз диагностикасы пациентте тиісті шағымдар болған жағдайда жүргізіледі.
Келесі әдістер қолданылады:
кіші жамбас ағзаларының УДЗ — оның көмегімен ішкі эндометриозды (аденомиозды) және эндометриоидты кисталарды анықтауға болады;
күрделі диагностикалық жағдайларда кіші жамбас ағзаларының МРТ;
эндометриозды диагностикалау және емдеу үшін гистероскопия және лапароскопия.
Емі
Емдеу, ең алдымен, пациенттің өмір сүру сапасын жақсартуға (ауырсыну синдромы мен басқа да шағымдарды жоюға), сондай-ақ бедеулік болған жағдайда жүктілікке қол жеткізуге бағытталуы тиіс.
Негізгі емдеу әдістері мен препараттар:
Гестагендік препараттар;
ГнРГ агонистері — ұзақ әсер ететін түрлері;
Хирургиялық емдеу: лапароскопия, эндометриоидты гетеротопиялар мен кисталарды кесіп алып тастау және коагуляциялау;
Жоғары тиімділік көрсеткен эксперименттік препараттар: антиэстрогендер; дофамин рецепторларының агонистері; эпифиз гормоны.
Тиімділігі төмен немесе дәлелденбеген препараттар:
Циклдің екінші фазасында қолданылатын гестагендік препараттар;
Біріктірілген оральді контрацептивтер.
*Операция алдындағы дәрі-дәрмектік дайындық — пікірталас тудыратын мәселе!