Ішкі ережелер
1. Жалпы ережелер
1.1. Қағидалар АИРТ-Ecomed-тің жергілікті құқықтық актісі болып табылады және мына мәселелерге қатысты жалпы тәсілдерді белгілейді:
— қызметкерлер мен АИРТ-Ecomed арасындағы еңбек қатынастарын, білім алушылар мен АИРТ-Ecomed арасындағы білім беру қатынастарын қалыптастыру және тоқтату тәртібіне;
— АИРТ-Ecomed қызметкерлерінің, білім алушыларының және әкімшілігінің негізгі құқықтарына, міндеттері мен жауапкершілігіне;
— жұмыс және оқу уақытының режиміне, АИРТ-Ecomed-тегі еңбек қызметінің жағдайларына;
— АИРТ-Ecomed қызметкерлері мен білім алушыларының демалыс уақытына;
— АИРТ-Ecomed қызметкерлері мен білім алушыларын көтермелеу және оларға жаза қолдану шараларына, еңбек және оқу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке;
— Қазақстан Республикасының еңбек және білім беру құқықтық нормаларымен реттелмеген АИРТ-Ecomed-тегі еңбек және білім беру құқықтық қатынастарының өзге де мәселелеріне.
1.2. Қағидалардың негізгі мақсаты еңбекке және оқуға, олардың нәтижелеріне саналы әрі адал көзқарас негізінде, сондай-ақ мына қажеттіліктер негізінде АИРТ-Ecomed, оның қызметкерлері мен білім алушыларының тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету болып табылады:
— еңбек тәртібін нығайту;
— жұмыс және оқу уақытын тиімді пайдалану;
— жұмыстың жоғары сапасын сақтау;
— АИРТ-Ecomed-тің, оның қызметкерлері мен білім алушыларының мүлкіне және материалдық құндылықтарына ұқыпты қарау;
— оқу және еңбек процестерін жетілдіру;
— басқару қызметін оңтайландыру;
— АИРТ-Ecomed Жарғысында және оның стратегиясында көрсетілген мақсаттарды табысты іске асыру.
1.3. Қағидалардың нормативтік-құқықтық базасы Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі — «ҚР ЕК», «Кодекс», Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, жоғары кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары, білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгілік қағидалары, кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық актілері болып табылады.
1.4. Қағидалар Ғылыми кеңестің шешімі негізінде күшіне енеді және оларға тиісті өзгерістер (толықтырулар) енгізілгенге немесе белгіленген тәртіппен жаңа редакцияда бекітілгенге дейін қолданылады. Қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі оларды қабылдау тәртібіне ұқсас.
1.5. Егер АИРТ-Ecomed Жарғысында немесе тиісті шарттарда өзгеше белгіленбесе, Қағидалар АИРТ-Ecomed-тің барлық қызметкерлері мен білім алушыларының барлық санаттары үшін, оның ішінде оқшауланған құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері мен білім алушылары үшін бірыңғай және міндетті болып табылады.
1.5.2. Қағидалар АИРТ-Ecomed-те білім алатын әрбір тұлға үшін оның оқу түріне қарамастан міндетті болып табылады.
1.6. АИРТ-Ecomed әкімшілігі қызметкерлер мен білім алушылардың белгіленген тәртіппен Қағидалармен еркін танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
1.7. Қағидаларды сақтау және қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
Әкімшілік (атқарушы орган) — АИРТ-Ecomed бас директоры, атқарушы директоры, АИРТ-Ecomed құрылымдық бөлімшелерінің басшылары.
әдепсіз мінез-құлық — АИРТ-Ecomed-те қабылданған қоғамдық мінез-құлық қағидаларына, мораль және адамгершілік нормаларына сәйкес келмейтін мінез-құлық;
тәртіптік теріс қылық — қызметкердің (білім алушының) АИРТ-Ecomed қызметкері (білім алушысы) мәртебесінен туындайтын өзіне жүктелген міндеттерді кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы (Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын, шарт және Қағидалар бойынша міндеттемелерді, лауазымдық нұсқаулықтарды, ережелерді, АИРТ-Ecomed директорының бұйрықтарын бұзу және т.б.);
білім алушы — оған қатысты АИРТ-Ecomed директорының оқуға қабылдау туралы бұйрығы шығарылған және қолданылатын жеке тұлға.
Білім алушылар санатына: резиденттер, бастапқы буын дәрігерлері жатады.
қызметкер — еңбек функциясын орындау шарттары мен ерекшеліктеріне қарамастан, жасалған еңбек шарты негізінде АИРТ-Ecomed-пен еңбек қатынастарында тұрған жеке тұлға.
1.8. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында, АИРТ-Ecomed Жарғысында, Қағидаларда және АИРТ-Ecomed-тің өзге де құқықтық актілерінде өзгеше көзделмесе, АИРТ-Ecomed білім алушылары мен қызметкерлері тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттер атқарады.
1.11. Қағидаларды қолдануға байланысты мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасын және АИРТ-Ecomed қызметкерлері мен білім алушыларының заңды құқықтары мен мүдделерін сақтау шартымен АИРТ-Ecomed әкімшілігімен дербес шешіледі, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда — заңнамаға сәйкес шешіледі.
2. Еңбек қатынастары
2.1. АИРТ-Ecomed-тегі еңбек қатынастары жеке тұлға мен АИРТ-Ecomed арасындағы жеке тұлғаның еңбек функциясын (белгілі бір біліктілік пен лауазым бойынша жұмысты) ақыға жеке өзі орындауы, Қағидаларға бағынуы және АИРТ-Ecomed әкімшілігінің Қазақстан Республикасының заңнамасында, еңбек шартында және АИРТ-Ecomed-тің өзге де жергілікті актілерінде көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуі туралы келісімге негізделеді.
2.1.1. АИРТ-Ecomed-тегі еңбек қатынастарының туындауы міндетті түрде АИРТ-Ecomed директорының бұйрығымен ресімделеді.
2.1.2. Тараптар айқындаған еңбек шарты талаптарын өзгертуге тараптардың жазбаша келісімі негізінде жол беріледі және бас директордың бұйрығымен ресімделеді.
2.1.3. АИРТ-Ecomed қызметкерінің мәртебесін өзгертуге әкелетін кез келген әрекет АИРТ-Ecomed директорының бұйрығымен ресімделеді.
2.2. Еңбек шартының талаптары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және еңбек құқығы нормаларын қамтитын өзге де нормативтік актілерге қайшы келмеуге тиіс.
2.3. АИРТ-Ecomed-те қызметкерлердің мынадай санаттары көзделген:
— профессорлық-оқытушылық құрам (бұдан әрі сондай-ақ — «оқытушылар», «ПОҚ»);
— әкімшілік-басқару персоналы;
— өзге персонал.
2.4. Қызметкерлердің жекелеген санаттарының еңбегін құқықтық реттеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасымен, еңбек шартымен және АИРТ-Ecomed-тің өзге де құқықтық актілерімен белгіленеді.
2.4.1. Профессорлық-оқытушылық құрам қатарындағы қызметкерлермен еңбек шартын жасасу осы санаттағы қызметкерлер үшін Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы нормативтік актілерінде белгіленген ережелер ескеріле отырып жүргізіледі.
2.4.2. Шетелдік азаматтар немесе азаматтығы жоқ адамдар қатарындағы қызметкермен еңбек шартын жасасу, орындау, талаптарын өзгерту және бұзу кезінде көші-қон заңнамасының нормалары сақталуға тиіс.
2.5. Еңбек шартының қолданылуы оған тараптар қол қойған күннен немесе онда белгіленген күннен басталады. Жұмысқа нақты жіберу тараптар еңбек шартына қол қойғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
2.6. Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған және (немесе) тиісті түрде ресімделмеген жағдайда еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындаған деп есептеледі.
2.7. Еңбек шартын жасасу кезінде қызметкер мен АИРТ-Ecomed әкімшілігінің келісімі бойынша оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сынақ мерзімі белгіленуі мүмкін. Жұмысқа қабылдау кезінде сынақ өткізу тәртібі, мерзімі және өзге де талаптары ҚР ЕК нормаларымен белгіленеді.
2.8. Еңбек шартын жасасу кезінде жұмысқа орналасатын тұлға кадр қызметінің маманына Қазақстан Республикасының нормативтік актілерінде белгіленген тізбе мен тәртіпке сәйкес құжаттарды ұсынады.
2.9. Еңбек шартын жасасқанға дейін (оған қол қойғанға дейін) кадр бөлімінің қызметкері қызметкерді АИРТ-Ecomed-те белгіленген тәртіппен АИРТ-Ecomed Жарғысымен, Қағидалармен және оның алдағы кәсіби қызметіне тікелей қатысты АИРТ-Ecomed-тің өзге де құқықтық актілерімен қол қойғыза отырып таныстыруға міндетті. АИРТ-Ecomed-те еңбекті қорғауды жүзеге асыратын бөлімше қызметкері жұмысқа қабылданатын қызметкерді еңбекті қорғау қағидаларымен таныстыруды қамтамасыз етеді.
2.11. АИРТ-Ecomed-пен еңбек қатынастарын тоқтату ҚР ЕК-де белгіленген тәртіппен, негіздер бойынша және мерзімдерде жүргізіледі.
2.11.1. АИРТ-Ecomed-пен еңбек қатынастарын тоқтату рәсімі барысында қызметкер орындауында, бақылауында немесе сақтауында тұрған істер бойынша жұмыс құжаттамасын (қағаз және электрондық түрде) жаңадан жұмысқа қабылданатын тұлғаға, ал ол болмаған жағдайда — басшыға беруге тиіс. Құжаттарды беру тізімдемесі қоса берілген тиісті актімен ресімделеді және бөлімшеде сақталады.
2.11.2. АИРТ-Ecomed жұмыс құжаттамасын беруден бас тарту өзінің еңбек функцияларын орындаудан бас тартуға теңестіріледі. Бұл жағдайда АИРТ-Ecomed әкімшілігі ҚР ЕК нормаларын сақтай отырып еңбек шартын өз бастамасы бойынша бұзу құқығын өзіне қалдырады.
3. Білім алушыларды қабылдау және оқудан шығару жалпы тәртібі
3.1. АИРТ-Ecomed-ке оқуға қабылдау АИРТ-Ecomed директорының бұйрығымен ресімделеді. АИРТ-Ecomed-тегі білім алушы мәртебесінің өзгеруіне әкелетін кез келген әрекет АИРТ-Ecomed директорының бұйрығымен ресімделеді.
3.2. Білім алушылардың әрбір санаты үшін АИРТ-Ecomed-те оқытудың нақты тәртібі, шарттары мен ерекшеліктері арнайы құқықтық актілермен белгіленеді.
3.3. АИРТ-Ecomed-тегі білім алушы мәртебесін тоқтату АИРТ-Ecomed Жарғысында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.
3.4. Білім алушының өтініші бойынша оған оқудан шығарылу негіздері жеке түсіндірілуге тиіс.
3.6. Білім алушыларды қабылдау және оқудан шығару туралы бұйрықтарды жасау, ресімдеу және шығару тәртібі АИРТ-Ecomed құқықтық актілерімен айқындалады және реттеледі.
4. АИРТ-Ecomed қызметкерлерінің негізгі құқықтары мен міндеттері
4.1. АИРТ-Ecomed қызметкерінің:
— АИРТ-Ecomed-тің басқа қызметкерлері мен білім алушылары тарапынан өзіне құрметпен және әдепті қарым-қатынас жасалуына, еңбек міндеттерін орындау барысында салауатты психологиялық ахуалға;
— еңбекті ұйымдастыру және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік стандарттарда және еңбек шартында көзделген талаптарға сәйкес келетін жұмыс орнына;
— техникалық және өзге де қажетті құжаттамамен уақтылы қамтамасыз етілуге, жұмысты орындау үшін қажетті жабдықтың, өзге құралдар мен заттардың тиісті сапасына;
— өзінің біліктілігіне, еңбектің күрделілігіне, орындалған жұмыстың саны мен сапасына сәйкес АИРТ-Ecomed-те бекітілген Еңбекақы төлеу туралы ереже шеңберінде жалақыны уақтылы және толық көлемде алуға;
— жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығын, жекелеген кәсіптер мен қызметкерлер санаттары үшін қысқартылған жұмыс уақытын белгілеу, апта сайынғы демалыс күндерін, жұмыс істемейтін мереке күндерін және жыл сайынғы ақылы демалыстарды беру арқылы қамтамасыз етілетін демалысқа;
— АИРТ-Ecomed, оның қызметі, еңбек жағдайлары және жұмыс орнындағы еңбекті қорғау талаптары туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға;
— АИРТ-Ecomed шеңберінде кәсіби дамуға;
— шығармашылық бастамасы үшін көтермеленуге;
— өзінің еңбек құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін заңмен тыйым салынбаған барлық тәсілдермен қорғауға;
— АИРТ-Ecomed шеңберінде өзінің дербес деректерін бақылаусыз қол жеткізуден, пайдаланудан және таратудан қорғауға;
— Қазақстан Республикасының заңнамасында және АИРТ-Ecomed Жарғысында белгіленген тәртіппен АИРТ-Ecomed әкімшілігінің бұйрықтары мен өкімдеріне шағымдануға;
— АИРТ-Ecomed әкімшілігіне жүгінуге және негізделген жауап алуға;
— еңбек міндеттерін орындауға байланысты келтірілген зиянды өтеуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен моральдық зиян үшін өтемақы алуға;
— Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде міндетті әлеуметтік сақтандыруға құқығы бар.
4.2. АИРТ-Ecomed қызметкері:
— АИРТ-Ecomed-тің басқа қызметкерлері мен білім алушыларына құрметпен және әдепті қарауға, еңбек міндеттерін орындау барысында салауатты психологиялық ахуалды қолдауға;
— өз жұмысының нәтижелілігіне бағдарлана отырып, лауазымдық міндеттерін адал және сапалы орындауға;
— Қазақстан Республикасының заңнамасын, еңбек шартының талаптарын және тиісті лауазымдық нұсқаулық талаптарын, АИРТ-Ecomed Жарғысы мен Қағидаларын, сондай-ақ АИРТ-Ecomed-тің өзге де құқықтық актілерін сақтауға;
— еңбек тәртібін сақтауға;
— Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген еңбек нормаларын орындауға;
— Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген еңбекті қорғау талаптарын және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын сақтауға, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарын дұрыс қолдануға;
— АИРТ-Ecomed мүлкіне, басқа қызметкерлер мен білім алушылардың мүлкіне ұқыпты қарауға, оларды сақтау ісінде АИРТ-Ecomed әкімшілігіне жәрдемдесуге;
— материалдық құндылықтар мен құжаттарды сақтаудың белгіленген тәртібін сақтауға;
— адамдардың өмірі мен денсаулығына, АИРТ-Ecomed мүлкінің сақталуына қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде АИРТ-Ecomed әкімшілігіне немесе тікелей басшысына дереу хабарлауға;
— жұмысқа келмейтіні туралы тікелей басшысына қолжетімді тәсілдер мен құралдардың кез келгенімен мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабарлауға;
— мінез-құлықтың моральдық және әдеп нормаларын, АИРТ-Ecomed дәстүрлерін сақтауға;
— өзінің біліктілігін тұрақты арттыруға;
— АИРТ-Ecomed үй-жайлары мен аумағын қалыпты пайдалануға қажетті және жеткілікті жағдайда ұстау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысуға міндетті.
4.3. АИРТ-Ecomed қызметкерлерінің АИРТ-Ecomed қызметкері мәртебесінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқықтық актілерінен, АИРТ-Ecomed құқықтық актілерінен және тиісті шарттардан туындайтын өзге де құқықтары мен міндеттері бар.
4.4. АИРТ-Ecomed-те басшылық лауазымдарды атқаратын тұлғалар:
— өздеріне сеніп тапсырылған қызметкерлер ұжымы шеңберінде АИРТ-Ecomed-тегі персоналды басқару стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың толық кешенін орындауды қамтамасыз етеді;
— уақытты және орындалатын функциялар көлемін тиімді бөлу арқылы сеніп тапсырылған бөлімше қызметкерлерінің жұмыс процесін оңтайлы ұйымдастырады;
— сеніп тапсырылған бөлімше қызметкерлерінің шығармашылығы мен бастамасын көтермелейді;
— ұжымда өзара құрмет, сенім, ізгі ниет және бірлік ахуалын қолдайды;
— берілген өкілеттіктер шеңберінде ұжымды АИРТ-Ecomed ішіндегі және одан тыс тиісті іс-шараларда таныстырады;
— ұжымдағы еңбек тәртібін қамтамасыз етеді.
5. Білім алушылардың негізгі құқықтары мен міндеттері
5.1. АИРТ-Ecomed білім алушыларының:
— АИРТ-Ecomed-тің басқа білім алушылары мен қызметкерлері тарапынан өзіне құрметпен және әдепті қарым-қатынас жасалуына;
— білімнің, ғылымның, техниканың және мәдениеттің қазіргі даму деңгейіне сәйкес теориялық және практикалық білім алуға;
— оқу-тәрбие процесінде көзделген іс-шараларды өткізу кезінде АИРТ-Ecomed кітапханасын, ақпараттық қорын, оқу, ғылыми және басқа бөлімшелерінің қызметтерін АИРТ-Ecomed Жарғысында және басқа құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен пайдалануға;
— АИРТ-Ecomed өткізетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының, конференциялардың, симпозиумдардың барлық түрлеріне қатысуға;
— шығармашылық бастамасы үшін көтермеленуге;
— АИРТ-Ecomed қызметінің маңызды мәселелерін талқылауға және шешуге, оның ішінде қоғамдық ұйымдар, студенттік өзін-өзі басқару органдары және АИРТ-Ecomed басқару органдары арқылы қатысуға;
— Қазақстан Республикасының заңнамасында және АИРТ-Ecomed құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен АИРТ-Ecomed әкімшілігінің бұйрықтары мен өкімдеріне шағымдануға;
— АИРТ-Ecomed әкімшілігіне жүгінуге және негізделген жауап алуға;
— Қазақстан Республикасының заңнамасында және АИРТ-Ecomed құқықтық актілерінде көзделген нысандарда белгіленген тәртіппен әлеуметтік қолдау алуға;
— АИРТ-Ecomed-ке бөлінетін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жеңілдіктерді пайдалануға;
— АИРТ-Ecomed, оның қызметі, оқу жағдайлары және оқу процесін ұйымдастыру талаптары туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға;
— өзінің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін заңмен тыйым салынбаған барлық тәсілдермен қорғауға;
— АИРТ-Ecomed шеңберінде өзінің дербес деректерін бақылаусыз қол жеткізуден, пайдаланудан және таратудан қорғауға;
— АИРТ-Ecomed ішінде ауысуға немесе оқуын басқа жоғары оқу орнында жалғастыру үшін ауысуға;
— қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан табысты өткен жағдайда білім беру бағдарламаларына сәйкес тиісті деңгейдегі мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат алуға құқығы бар.
5.2. АИРТ-Ecomed білім алушылары:
— АИРТ-Ecomed-тің басқа білім алушылары мен қызметкерлеріне құрметпен және әдепті қарауға;
— Қазақстан Республикасының заңнамасын, АИРТ-Ecomed Жарғысын, Қағидаларды, АИРТ-Ecomed-тің өзге де құқықтық актілерін, оның ішінде АИРТ-Ecomed аумағында болу тәртібін реттейтін актілерді сақтауға;
— мінез-құлық пен қарым-қатынастың моральдық және әдеп нормаларын сақтауға;
— оқытушылар мен АИРТ-Ecomed қызметкерлерінің басқа санаттарының еңбегін құрметтеуге;
— оқу процесі шеңберінде көзделген тапсырмаларды уақтылы және адал орындауға, оқытушылар ұсынған әдебиетті және нақты пән бойынша басқа білім көздерін меңгеруге және зерделеуге, сынақ-емтихан сессияларына және қорытынды мемлекеттік аттестаттауға дайындалуға;
— оқу және қоғамдық тәртіпті сақтауға;
— АИРТ-Ecomed мүлкіне, басқа қызметкерлер мен білім алушылардың мүлкіне ұқыпты қарауға, оны сақтау ісінде АИРТ-Ecomed әкімшілігіне жәрдемдесуге міндетті.
5.3. АИРТ-Ecomed білім алушыларының АИРТ-Ecomed-тегі білім алушы мәртебесінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік актілерінен, АИРТ-Ecomed құқықтық актілерінен және тиісті шарттардан туындайтын өзге де құқықтары мен міндеттері бар.
5.4.
— білім алушылардың сабаққа келмеуі туралы себептерін көрсете отырып жауапты тұлғаны хабардар ету;
— дәрістер мен практикалық сабақтарда топтағы оқу тәртібінің жай-күйін, сондай-ақ оқу жабдықтары мен мүкәммалдың сақталуын бақылау;
— білім алушыларды сабақ кестесіне енгізілген өзгерістер туралы хабардар ету.
6. Әкімшіліктің негізгі құқықтары, міндеттері және басқару функциялары
6.1. АИРТ-Ecomed әкімшілігінің АИРТ-Ecomed қызметкерлерімен бірдей құқықтары мен міндеттері бар. Бұдан басқа, АИРТ-Ecomed-тегі еңбек және оқу процесін тиімді басқаруды ұйымдастыру үшін АИРТ-Ecomed әкімшілігі:
— қызметкерлерден, АИРТ-Ecomed білім алушыларынан қажетті ақпаратты сұратуға және оны ұсыну нысандары мен мерзімдерін белгілеуге, сондай-ақ ақпаратты уақтылы бермегені, сапасыз ресімдегені және деректердің шынайы еместігі үшін кінәлі тұлғаларға тәртіптік ықпал ету шараларын қолдануға;
— кеңестер мен отырыстарды бастамалауға, объективті (төтенше) мән-жайлар талап еткен жағдайда АИРТ-Ecomed бөлімшелерінің қызметін, білім алушылардың оқуын тоқтата тұруға;
— АИРТ-Ecomed әкімшілігінің басқарушылық рөлінен туындайтын өзге де ұйымдастырушылық-биліктік (бақылау-өкімдік) әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы.
6.2. АИРТ-Ecomed-тегі еңбек және оқу процесін қамтамасыз ету мақсатында АИРТ-Ecomed әкімшілігі:
— АИРТ-Ecomed қызметкерлері ұжымын тиімді басқарады;
— басқарудың озық әдістерін енгізуді ұйымдастырады;
— салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасайды, жұмыс жабдықтарының жарамды күйін қамтамасыз етеді;
— АИРТ-Ecomed-тегі жұмыс пен оқуды жақсартуға бағытталған қоғамдық ұйымдардың, оқытушылардың, қызметкерлердің басқа санаттарының, сондай-ақ білім алушылардың ұсыныстарын уақтылы қарайды және енгізеді;
— еңбек және оқу тәртібін жан-жақты нығайтады, АИРТ-Ecomed-тің үздік қызметкерлері мен білім алушыларын қолдайды және көтермелейді;
— білім алушылардың оқу тәртібін және қызметкерлердің еңбек тәртібін бақылайды;
— еңбек ұжымында іскерлік және шығармашылық ахуал қалыптастыруға ықпал етеді, еңбек ұжымы мүшелерінің бастамасы мен белсенділігін қолдайды және дамытады; қызметкерлердің объективті сыни ескертулерін уақтылы қарайды және қабылданған шаралар туралы хабарлайды;
— білім алушылар мен қызметкерлердің қажеттіліктері мен сұраныстарына мұқият қарайды, қолда бар қаржылық-материалдық ресурстар шегінде АИРТ-Ecomed қызметкерлері мен білім алушыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған шараларды қабылдайды;
— еңбек және оқу тәртібін бұзушыларға тәртіптік ықпал ету шараларын қолданады;
— қызметкерлердің (білім алушылардың) еңбекті қорғау, өндірістік санитария және еңбек гигиенасы, өрт қауіпсіздігі жөніндегі барлық талаптарды сақтауын бақылайды;
— АИРТ-Ecomed ұжымын сыртқы деңгейдегі тиісті іс-шараларда таныстырады;
— АИРТ-Ecomed еңбек ұжымын АИРТ-Ecomed қызметі мен оның нәтижелері туралы жүйелі түрде хабардар етеді.
6.3. АИРТ-Ecomed әкімшілігі әкімшіліктің мәртебесі мен басқарушылық рөлінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқықтық актілерінен, АИРТ-Ecomed құқықтық актілерінен және тиісті шарттардан туындайтын өзге де функцияларды жүзеге асырады.
7. Жұмыс (оқу) уақыты және демалыс уақыты
7.1. АИРТ-Ecomed-тегі еңбек және оқу процесін ұйымдастыру
7.1.1. АИРТ-Ecomed-те бес күндік және алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Аптасына жұмыс уақытының жалпы саны және қызметкерлер санатына байланысты оның ерекшеліктері ҚР ЕК-мен айқындалады.
7.1.2. Жұмыс күнінің ұзақтығы:
Әкімшілік-басқару персоналы үшін — бес күндік жұмыс аптасы кезінде 8 сағат (аптасына 40 сағат).
— Жұмыс күнінің басталу және аяқталу уақыты тиісінше — 09:00 және 18:00.
— Демалу және тамақтану үзілісі 13:00-ден 14:00-ге дейін белгіленеді және жұмыс уақытына қосылмайды.
— Демалыс күндері: сенбі және жексенбі.
Оқу сабақтарын ұйымдастыруға және өткізуге тікелей қатыспайтын қызметкерлер үшін сегіз сағаттық жұмыс күнімен және екі демалыс күнімен бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Алты күндік жұмыс аптасы бойынша жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшелер директордың бұйрығымен айқындалады.
Оқу процесімен тікелей байланысты әкімшілік-басқару персоналы үшін жұмыс уақытының ұзақтығы осы қызметкерлер санаты үшін Кодексте белгіленген мөлшерден аспауы шартымен алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді (аптасына 40 сағат).
Профессорлық-оқытушылық құрам үшін — аптасына 36 сағат.
Нақты жұмыс кестесі оқу процесінің графигімен және бекітілген оқу кестесімен айқындалады.
Семестрге арналған оқу кестесі тиісті қызметкерлер мен білім алушыларға оқу сабақтары басталғанға дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей жеткізіледі.
Оқу-көмекші және қызмет көрсетуші персонал үшін — алты күндік жұмыс аптасы кезінде бес жұмыс күні 7 сағаттан және бір жұмыс күні (сенбі) 5 сағат (аптасына 40 сағат).
— Жұмыс күнінің басталу және аяқталу уақыты (сенбіні қоспағанда) тиісінше — 09:00 және 17:00.
— Демалу және тамақтану үзілісі 13:00-ден 14:00-ге дейін белгіленеді және жұмыс уақытына қосылмайды.
— Сенбі — 09:00-ден 14:00-ге дейін, түскі үзіліссіз.
— Демалыс күні — жексенбі.
Жекелеген бөлімшелердің және/немесе қызметкерлер санаттарының функционалдық міндеттерін ескере отырып, директор бөлімше басшыларымен келісу бойынша жекелеген бөлімшелер және/немесе қызметкерлер санаттары үшін жұмыстың басталу және аяқталу уақытын өзгерте алады.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс (ауысым) ұзақтығы қысқартылған жұмыс уақытына құқығы бар лауазымдар мен кәсіптер тізбесіне сәйкес алты күндік жұмыс аптасы кезінде 6 сағатты (аптасына 36 сағат) құрайды.
Бес күндік жұмыс аптасы кезінде қысқартылған жұмыс уақытына құқығы бар лауазымдар мен кәсіптер тізбесіне сәйкес күніне 7 сағат 12 минут (7,20 сағат), аптасына 36 сағат.
Үстеме жұмысқа, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ерекше жағдайларда жол беріледі.
Мереке күндеріне оқу жүктемесі жоспарланбайды.
Оқу процесінің графигі және оқу кестесі мереке күндері білім беру процесі жүргізілмейтіндей етіп қалыптастырылады.
ПОҚ үшін оқу жүктемесі атқаратын лауазымына, білім беру бағдарламасына, дәріс курстарын, оқу-әдістемелік құжаттаманы, тапсырмаларды, бағдарламаларды, жоспарларды әдістемелік әзірлеуге жұмсалатын уақытқа байланысты сараланған түрде белгіленеді және Қазақстан Республикасының құқықтық актілерінде белгіленген шектен аспауға тиіс.
Белгіленген жұмыс уақыты шегінде оқытушылар педагогикалық, оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және басқа да жұмыстардың барлық түрлерін орындауға тиіс.
Оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және тәрбие жұмысының жеке жоспарларының орындалуын кафедра/курс меңгерушілері бақылайды.
Оқытушылардың бекітілген оқу кестесіне сәйкес оқу сабақтарын өткізу жөніндегі міндеттерді орындауын тиісті оқу бөлімшесінің басшысы (уәкілетті қызметкері) бақылайды.
Оқытушыны бір күнтізбелік аптадан аспайтын мерзімге уақытша ауыстыруға, оқу сабағының түрін немесе оқу пәнін ауыстыруға байланысты мәселелер кафедра меңгерушісінің құзыретіне жатады. Ол нақты мән-жайларға байланысты ауызша немесе жазбаша түрде оқу сабақтарын өткізу тәртібіне тиісті өзгерістер енгізуге рұқсат бере алады және ауыстыру жүргізілген күні немесе одан кейінгі жұмыс күні ішінде АИРТ-Ecomed-тегі оқу процесін басқаруды жүзеге асыратын бөлімшеге бұл туралы жазбаша хабарлайды. Хабарлама кафедра меңгерушісінің қызметтік жазбасымен ресімделеді.
Оқытушыны және (немесе) оқу сабақтарын бір күнтізбелік аптадан астам мерзімге ауыстыруға АИРТ-Ecomed-тегі білім беру процесіне жетекшілік ететін департамент директорының жазбаша рұқсатымен жол беріледі.
АИРТ-Ecomed-тегі оқу процесін басқаруды жүзеге асыратын бөлімше қызметкерлері тиісті жоспар-кестелер негізінде оқытушылардың оқу кестесін орындауына іріктеп ағымдағы бақылау (аудит) жүргізеді.
Аудит нәтижелері тиісті кеңестер мен жиналыстарда талқыланады, олардың барысында оқу процесінің барысын, оның графиктері мен оқу кестесінің орындалуын оңтайландыру жөніндегі одан әрі іс-шаралар (жауапты қызметкерлерді көрсете отырып) әзірленеді және айқындалады.
Оқытушылардың оқу жүктемесін айқындаудың, орындаудың, ресімдеудің және орындалуын есепке алудың нақты тәртібі, ерекшеліктері мен параметрлері АИРТ-Ecomed-тің арнайы құқықтық актісімен (актілерімен) белгіленеді.
Оқу сабақтарының кестесін сақтауын уәкілетті қызметкерлер, ал ПОҚ қатарындағы қызметкерлердің жеке жоспарларының орындалуын кафедра меңгерушілері бақылайды.
Жұмыс графигінің ерекшеліктері міндетті түрде тиісті еңбек шартында бекітіледі.
Жекелеген жұмыс түрлерінде технология мен еңбекті ұйымдастыру ерекшеліктеріне байланысты қызметкерлерге жұмыс күні ішінде арнайы үзілістер берілуі мүмкін.
Мұндай жұмыстардың түрлері, үзілістердің ұзақтығы және оларды беру тәртібі бөлімшенің тікелей басшысының негіздемесі бойынша АИРТ-Ecomed директорының бұйрығымен белгіленеді.
Ауысымдық жұмыс режимі кезінде жұмыс ұзақтығы, оның ішінде күнделікті жұмыстың басталу және аяқталу уақыты, демалу және тамақтану үзілісінің уақыты АИРТ-Ecomed ауысым кестелерімен және заңнамада ай немесе басқа есептік кезең үшін белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығын сақтай отырып айқындалады.
Ауысым кестелері қызметкерлерге олар қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде бір ай бұрын жеткізіледі.
Қызметкерлер ауысым бойынша біркелкі кезектеседі. Бір ауысымнан екіншісіне ауысу, әдетте, ауысым кестесінде белгіленген сағаттарда әр апта сайын жүзеге асырылуға тиіс.
Үздіксіз жұмыс жағдайында ауыстыратын қызметкер келгенге дейін жұмысты тастап кетуге тыйым салынады. Ауыстыратын қызметкер келмеген жағдайда қызметкер бұл туралы тікелей басшысына хабарлайды, ол ауысымды басқа қызметкермен ауыстыру үшін дереу шаралар қабылдауға міндетті. Қатарынан екі ауысым жұмыс істеуге тыйым салынады.
Еңбек функциясын орындау жағдайларына байланысты демалу және тамақтану үзілісін белгілеу мүмкін емес жұмыста қызметкерге жұмыс уақытында тамақтану мүмкіндігі берілуге тиіс.
Қызметкерлердің жекелеген санаттары еңбек функцияларын қалыпты жұмыс уақытының шегінен тыс орындауы қажет болған жағдайда оларға нормаланбаған жұмыс күні белгіленуі мүмкін.
Нормаланбаған жұмыс күні бар қызметкерлер лауазымдарының тізбесі АИРТ-Ecomed директорының бұйрығымен белгіленеді. АИРТ-Ecomed-те жұмыс уақытын жиынтық есепке алу енгізілген жағдайда есептік кезең және мұндай жұмыс режимінің басқа талаптары директордың бұйрығымен айқындалады. Есептік кезең бір күнтізбелік жылдан аспауға тиіс.
Жұмыс уақытын жиынтық есепке алу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген еңбек шартының елеулі талаптарын өзгерту қағидаларын сақтай отырып бұйрықпен енгізіледі және жойылады.
Қызметкер сырқатына немесе өзге де дәлелді себептерге байланысты жұмысқа келмеген жағдайда бұл туралы тікелей басшысына мүмкіндігінше қысқа мерзімде жазбаша немесе телефон арқылы хабарлауға тиіс.
Жұмысқа келмеудің дәлелді себебі құжатпен расталуға тиіс.
Оқытушы жұмысқа келмеген жағдайда кафедра меңгерушісі оны басқа оқытушымен ауыстыру үшін дереу шаралар қабылдауға міндетті.
Бекітілген кестеге сәйкес сабақ өткізу мүмкін болмаған жағдайда оқытушы бұл туралы кафедра меңгерушісіне немесе бекітілген кестенің сақталуын бақылауға жауапты тұлғаға алдын ала хабарлауға міндетті.
Оқытушының сабақты өткізбеу себебінің дәлелділігі құжатпен расталуға тиіс.
Жұмысты жоспарлау, ұйымдастыру және орындауға байланысты өзге мәселелер қызметкерлердің заңды құқықтары мен пікірлерін, АИРТ-Ecomed мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ адалдық, ақылға қонымдылық және орындылық қағидаттарын өзара сақтау шартымен жұмыс тәртібінде шешіледі.
Өткізу жүйесін және жұмыс уақытын есепке алу жүйесін ұйымдастыру. АИРТ-Ecomed-те жұмыс уақытын есепке алу жүйесі енгізілген.
АИРТ-Ecomed қызметкерлерінің жұмысқа келуі мен жұмыстан кетуін функционалдық қамтамасыз ету маманы бақылайды.
7.2. Оқу процесін ұйымдастыру
7.2.1. Күнтізбелік жылдың басында мүдделі тұлғаларды хабардар ете отырып, ББ және ББҰ білім беру циклдерінің жоспары бекітіледі.
АИРТ-Ecomed-те оқу сабақтарының мынадай басталу және аяқталу уақыты белгіленеді:
— күндізгі оқу нысаны: сабақтың басталуы — 09:00.
7.2.2. Оқу жұмысының түрлері бойынша уақыт нормаларын АИРТ-Ecomed мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру және қосымша білім беру стандарттарында белгіленген нормалар негізінде дербес әзірлейді.
Оқу жұмысының түрлері бойынша уақыт нормалары АИРТ-Ecomed Ғылыми кеңесінің шешімімен бекітіледі.
Аудиториялық сабақтарды: дәрістерді, семинарларды, практикалық сабақтарды өткізу кезінде 1 академиялық сағат сабақ түріне қарай 1 байланыс сағатына (50 минутқа) тең.
Зертханалық жұмыстар мен дене шынықтыру сабақтарын өткізу кезінде 1 академиялық сағат 2 байланыс сағатына (100 минутқа), студиялық сабақтарда — 1,5 байланыс сағатына (75 минутқа) тең.
7.2.4. Оқу сабақтарының түрлері, білім алушылардың білімін бақылау нысандары, үлгерімді бағалау тәртібі, әдіснамасы мен қағидаттары білім беру саласындағы арнайы нормативтік актілерде және АИРТ-Ecomed актілерінде белгіленеді.
7.2.5. АИРТ-Ecomed-тегі оқу сабақтары АИРТ-Ecomed директорының бұйрығымен бекітілген оқу процесінің графигіне сәйкес жасалған оқу кестесі бойынша өткізіледі.
Факультативтік сабақтарды өткізу үшін ағымдағы оқу кестесімен келісілетін жеке кесте жасалады.
Оқу сабақтарының барлық түрлері мен оқу нысандары бойынша білім алушылардың жүктемесі даярлаудың тиісті бағыты (мамандығы) бойынша МЖБС белгілеген шектерде белгіленеді.
7.2.6. Сабақтар лек немесе оқу (академиялық) топтар бойынша өткізіледі. Сабақ басталғаннан кейін барлық оқу және оларға іргелес үй-жайларда оқу сабақтарының қалыпты өтуіне қажетті тыныштық пен тәртіп қамтамасыз етілуге тиіс.
7.2.7. Әрбір білім беру (академиялық) тобында белгіленген нысанда білім алушылардың сабаққа қатысуы мен үлгерімін есепке алу журналы жүргізіледі, ол НиПО департаментінде сақталады және онда сабаққа қатысқандар мен қатыспағандар, сондай-ақ білім алушылардың даярлық және білім деңгейі белгіленеді.
7.2.8. Демалыс кезінде және ол аяқталғаннан кейін оқытушылар бекітілген оқу жоспарларына сәйкес АИРТ-Ecomed директорының бұйрығы негізінде:
— оқыту әдістемесі, оқу бағдарламаларының жобаларын және әдістемелік әзірлемелерді талқылау мәселелеріне байланысты әдістемелік комиссиялардың; жаңа оқу жылына білім алушыларды қабылдауға байланысты комиссиялардың жұмысына;
— педагогикалық оқуларға, семинарларға және оқытушылардың біліктілігін, педагогикалық шеберлігі мен теориялық білімін арттыруға арналған басқа да іс-шараларға қатысуға тартылуы мүмкін.
7.3. Демалыс уақыты және мереке күндері
7.3.1. Жұмыстан демалу уақыты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және АИРТ-Ecomed-те бекітілген нақты жұмыс кестелеріне, ал оқу процесіне қатысты Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына, оқу процесінің графиктеріне және оқу кестесіне сәйкес айқындалады.
7.3.2. Қызметкерлерге жыл сайынғы демалыстар АИРТ-Ecomed әкімшілігі бекіткен демалыс кестесіне сәйкес беріледі. Демалыс кестесі АИРТ-Ecomed қызметкерлері мен әкімшілігі үшін міндетті.
Демалыс кестесін жасау кезінде АИРТ-Ecomed әкімшілігі мүмкіндігінше қызметкердің тілектерін, АИРТ-Ecomed-тегі жекелеген процестердің жұмыс ерекшеліктерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кез келген уақытта (өз қалауы бойынша) демалыс алуға құқығы бар тұлғалар тобын ескереді.
АИРТ-Ecomed-тегі демалыс кестесін жасаудың өзге де талаптары АИРТ-Ecomed-тің жеке құқықтық актілерімен белгіленеді. Демалысты бөлу, оны бөліктермен беру, демалысты толық немесе ішінара басқа жылға ауыстыру қызметкер мен АИРТ-Ecomed әкімшілігінің келісімі бойынша мүмкін болады. Қызметкерді демалыстан кері шақырып алуға оның жазбаша келісімімен ғана жол беріледі және директордың бұйрығымен ресімделеді.
Қызметкер демалыстың басталу уақыты туралы ол басталғанға дейін кемінде 2 апта бұрын қол қойғыза отырып хабардар етіледі.
Оқу жылы ішінде демалыс беруге құжатпен расталған дәлелді себептер болған ерекше жағдайларда жол беріледі.
7.3.3. АИРТ-Ecomed қызметкерлерінің демалыстарының (демалыс күндерінің) ұзақтығы және оларды қызметкерлердің жекелеген санаттарына, оның ішінде оқу процесіне қатысатын және оны ұйымдастыру мен басқаруды қамтамасыз ететін қызметкерлерге беру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына және АИРТ-Ecomed еңбек шартына сәйкес АИРТ-Ecomed-пен белгіленеді.
АИРТ-Ecomed кадр саясатын басқару бөлімшесі (КБ) қызметкерлердің демалыста болуын (демалыс күндерінің берілуін) есепке алады және олардың уақтылы берілуі мен пайдаланылуын бақылайды.
7.3.4. Білім алушылардың каникулдары оқу процесінің графиктерімен айқындалады және тиісті семестрдегі оқу аяқталғаннан кейін заңда белгіленген ұзақтықтан кем емес мерзімге беріледі.
7.3.5. Мереке күндері Кодекспен айқындалады. Мереке күндеріне байланысты АИРТ-Ecomed жұмыс кестесі туралы бұйрық мереке күні басталғанға дейін кемінде 7 жұмыс күні бұрын шығарылуға тиіс (егер бірнеше мереке күні қатар келсе — бірінші мереке күніне дейін).
Бұйрықты қызметкерлерге жеткізу жауапкершілігі олардың тікелей басшыларына жүктеледі.
8. Ішкі білім беру тәртібі
8.1. Оқытушылар аудиторияға кірген кезде білім алушылар орнынан тұрып, оларды қарсы алады.
8.2. Оқу сабақтары кезінде білім алушылар:
— оқытушылардың түсіндірмелерін және басқа білім алушылардың жауаптарын мұқият тыңдауға;
— оқытушының барлық негізді нұсқауларын орындауға;
— оқу материалының мәніне терең үңілуге, қойылған мәселенің мазмұнын талдауға;
— қарастырылып отырған мәселелер бойынша өз негізделген пікірін қалыптастыра білуге және оны айтуға ұмтылуға тиіс.
8.3. Оқытушы:
— оқу ақпаратын шығармашылық элементтері бар тиімді тәсілдермен жеткізе отырып, оқу сабақтарын ұйымдастыруға және өткізуге адал қарауға;
— білім алушылардың оқу мәселелері жөніндегі пікірлерін тыңдай білуге және оларға объективті баға беруге;
— оқу материалының пәніне және қойылған мәселеге қатысты білім алушылардың қосымша сұрақтарына негізді жауап беруге тиіс.
8.4. Сабақ кезінде білім алушылар аудиторияға тек оқытушының рұқсатымен кіріп, шыға алады.
8.5. Оқу аудиторияларына сыртқы киіммен кіруге жол берілмейді.
8.6. Сабақ өткізу кезінде мобильдік байланыс құралдарын пайдалануға жол берілмейді.
8.7. Сабаққа дәлелді себептермен келмеген жағдайда білім алушылар келесі күннен кешіктірмей бұл туралы жетекшілік ететін департамент мамандарына немесе оқытушыға хабарлауға және оқу орнына келген алғашқы күні сабаққа қатыспау себептері туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті. Ауру болған жағдайда білім алушы тиісті емдеу ұйымының белгіленген үлгідегі анықтамасын ұсынады.
Сабақтан қалулар білім алушылардың үлгерімін бағалаудың рейтингтік жүйесіне сәйкес өтеледі.
8.8. Сабақты өткізіп алудың өзге де дәлелді себептері құжатпен расталуға тиіс.
8.9. Кафедрада білім алушылармен жұмыс істеу кестесі белгіленуге тиіс.
8.9.1. Өзіне құқықтарын немесе АИРТ-Ecomed-те белгіленген тәртіпті бұзатын шынайы емес және (немесе) толық емес ақпарат берілді деп объективті түрде пайымдауға негізі бар білім алушы АИРТ-Ecomed-тің құқықтық қамтамасыз ету бөліміне немесе құзыреттерді бөлуге сәйкес өзге бөлімшеге консультация алу үшін жүгінуге құқылы. Тиісті бөлімшелердің телефон нөмірлері академия сайтында орналастырылуға тиіс.
8.10. АИРТ-Ecomed қызметкерлері еңбек міндеттерін орындау кезінде басқа қызметкерлер мен білім алушылар еркін оқи алатындай өзінің тегі, аты және лауазымы көрсетілген бейдждерді тағуға тиіс. Бұл ақпарат жұмыс орнында да орналастырылуға тиіс.
8.11. Осы бөлімде көзделген ішкі білім беру тәртібі қолданыстағы ерекшеліктерді ескере отырып, барлық оқу нысандары бойынша білім беру процесіне қолданылады. Қағидалармен реттелмеген жекелеген оқу нысандары бойынша ішкі оқу тәртібіне қатысты нақты қатынастар АИРТ-Ecomed-тің басқа құқықтық актілерімен немесе жалпы қабылданған практикамен реттеледі.
9. Үй-жайлардағы тәртіп
Жұмыс орындарын жабдықтау
9.1. АИРТ-Ecomed әкімшілігі АИРТ-Ecomed үй-жайлары мен аумағын қорғауды, жабдықтардың, мүкәммалдың және басқа мүліктің сақталуын, сондай-ақ АИРТ-Ecomed оқу және өзге де үй-жайларында қажетті тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
Үй-жайлар мен мүлікті қорғауды қамтамасыз ету және олардың технологиялық, өртке қарсы және санитариялық-гигиеналық жағдайы үшін жауапкершілік директордың бұйрығымен АИРТ-Ecomed әкімшілік-басқару персоналы қатарындағы тиісті қызметкерлерге жүктеледі.
9.2. Құрылымдық бөлімшеге бекітілген үй-жайлардың материалдық қамтамасыз етілуін және жай-күйін (жиһаздың, оқу жабдықтарының және т.б. болуын), олардың сақталуын және мақсатты пайдаланылуын тиісті құрылымдық бөлімшенің басшысы, сондай-ақ егер ол басшы болмаса, бөлімшенің материалдық жауапты тұлғасы бақылайды.
9.3. Демалыс (мереке) күндері, сондай-ақ төтенше жағдайларда АИРТ-Ecomed үй-жайларында, оның ішінде тұрғын және өзге корпустарда (жатақханаларда) директордың бұйрығымен ерекше жұмыс және мүлікті пайдалану режимі белгіленуі мүмкін.
9.4. АИРТ-Ecomed оқу және өзге де үй-жайларында тиісті тазалық пен тәртіпті техникалық персонал белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес қамтамасыз етеді. АИРТ-Ecomed білім алушылары мен қызметкерлері үй-жайларда және АИРТ-Ecomed аумағында тазалық пен тәртіпті сақтауға міндетті.
9.5. АИРТ-Ecomed үй-жайларында және аумағында мыналарға тыйым салынады:
• мас күйінде болуға;
• оқу процесіне кедергі келтіретін әрекеттер жасауға (қатты сөйлеу, сабақ кезінде шулау және т.б.);
• темекі шегуге;
• алкогольдік ішімдіктерді таратуға және ішуге, уытты заттарды қолдануға;
• мүлікті бүлдіруге;
• сыртқы киіммен және бас киіммен жүруге (АИРТ-Ecomed үй-жайларында);
• есірткі және басқа да психотроптық заттарды қолдануға;
• жалпы қабылданған мораль нормаларына қайшы келетін әрекеттер жасауға (төбелес, балағат сөздер және т.б.).
9.6. АИРТ-Ecomed-тегі өткізу және ішкі объектілік режимді қамтамасыз ету тәртібі, оның ішінде АИРТ-Ecomed үй-жайларының кілттерін беру, сақтау және тапсыру тәртібі АИРТ-Ecomed-тің тиісті ішкі құқықтық актісімен реттеледі.
АИРТ-Ecomed-ті оқу корпустарында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған қауіпсіздік қызметі күзетеді және ол:
− АИРТ-Ecomed аумағындағы кез келген тұлғаның құжаттарын тексеруге;
− күзет талаптарын, өрт қауіпсіздігі және ішкі тәртіп қағидаларын орындамайтын немесе өзге құқық бұзушылықтарға жол беретін тұлғаларды ұстауға;
− бұзушылардан, оның ішінде жазбаша түрде түсініктеме талап етуге және негіздер болған жағдайда мұндай тұлғаларды полиция органдарына беруге құқылы.
Конференц-залдың, зертханалардың және басқа үй-жайлардың кілттері өткізу пунктінде сақталады және қол қою арқылы беріледі. Кілтті басқа тұлғаға беруге рұқсат етілмейді. Кілттердің көшірмесін жасауға тыйым салынады. Қымбат техникамен жабдықталған үй-жайлардың кілттері кітапта көрсетілген тұлғаларға беріледі.
АИРТ-Ecomed-ке келтірілген материалдық залал, ішкі тәртіп қағидаларын бұзу және басқа да құқыққа қайшы әрекеттер үшін кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес материалдық, әкімшілік, тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
10. Жұмыстағы және оқудағы жетістіктер үшін көтермелеу
10.1. АИРТ-Ecomed әкімшілігі АИРТ-Ecomed қызметкерлерін еңбек міндеттерін сапалы, адал және нәтижелі орындағаны, сондай-ақ жұмысқа шығармашылық және инновациялық тәсіл көрсеткені үшін көтермелейді.
10.2. АИРТ-Ecomed әкімшілігі АИРТ-Ecomed білім алушыларын адал және нәтижелі оқығаны, сондай-ақ ғылыми-шығармашылық бастамасы үшін көтермелейді.
10.3. Қызметкерлер мен білім алушыларды моральдық және материалдық көтермелеу мен ынталандырудың қағидаттары, әдіснамасы, жүйесі, нақты түрлері және тәртібі АИРТ-Ecomed-тің арнайы құқықтық актілерімен айқындалады.
10.4. Еңбекті ерекше ынталандыру мақсатында жұмысы оқу және тәрбие процесін қамтамасыз етуге байланысты оқытушылар мен АИРТ-Ecomed-тің өзге де қызметкерлері АИРТ-Ecomed-тің тиісті құқықтық актісінде көзделген арнайы көтермелеулерге ұсынылуы мүмкін.
10.5. Қоғам мен мемлекет алдындағы ерекше еңбек сіңіргені үшін қызметкерлер белгіленген тәртіппен мемлекеттік наградаларға (басқа деңгейдегі наградаларға) ұсынылуы мүмкін.
10.6. Оқудағы ерекше жетістіктері мен нәтижелері, ғылыми бастамасы және оның нәтижелілігі, АИРТ-Ecomed қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін білім алушылар белгіленген тәртіппен мемлекеттік және өзге деңгейлерде көзделген наградаларға (өзге көтермелеуге) ұсынылуы мүмкін.
10.7. Материалдық сипаттағы көтермелеулер АИРТ-Ecomed-тің қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып қолданылады.
10.8. Көтермелеу, әдетте, салтанатты жағдайда жүзеге асырылады.
11. Қызметкердің, білім алушының тәртіптік жауапкершілігі
11.1. Қызметкердің, білім алушының тәртіптік жауапкершілігі тиісінше еңбек, оқу тәртібін, сондай-ақ АИРТ-Ecomed-тегі қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін туындайды. Көрсетілген бұзушылықтар тәртіптік теріс қылық болып табылады.
11.2. Тәртіптік ықпал ету мынадай нысандарда қолданылуы мүмкін:
— ескерту;
— сөгіс;
— қатаң сөгіс;
— ҚР ЕК-де белгіленген жағдайларда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу (оқудан шығару).
11.3. АИРТ-Ecomed қызметкерлеріне қатысты тәртіптік жазаларды тағайындаудың, алып тастаудың және күшінің жойылуының жалпы шарттары мен қолдану ерекшеліктері ҚР ЕК-мен айқындалады. АИРТ-Ecomed білім алушыларына қатысты тәртіптік жазалардың түрлері, оларды тағайындаудың, алып тастаудың және күшінің жойылуының жалпы шарттары мен қолдану ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасымен және АИРТ-Ecomed Жарғысымен айқындалады.
11.4. Тәртіптік жаза қолданылғанға дейін қызметкер (білім алушы) өзінің теріс қылығының себептері мен оны жасау мән-жайларын көрсете отырып, жазбаша түрде түсініктеме беруге тиіс. Қызметкердің (білім алушының) түсініктеме беруден бас тартуы тәртіптік жаза қолдануға кедергі болмайды.
11.5. Тиісті акт негізінде шығарылған АИРТ-Ecomed директорының тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығын оның тікелей басшысы бұйрық шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қызметкерге (білім алушыға) қол қойғыза отырып таныстырады. Егер қызметкер (білім алушы) бұйрықпен қол қойып танысудан бас тартса, тиісті акт жасалады.
11.6. Қызметкерді, білім алушыны қылмыстық, әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартудың негіздері, тәртібі, шарттары мен ерекшеліктері Қазақстан Республикасының нормативтік актілерімен белгіленеді.
11.7. Қызметкер, білім алушы тәртіптік жазаға белгіленген тәртіппен шағымдана алады.
12. Қорытынды ережелер
12.1. АИРТ-Ecomed-тегі еңбек және оқу процесінің жағдайларын айқындайтын Қағидалар және АИРТ-Ecomed-тің өзге де ұйымдастырушылық-құқықтық құжаттары мүдделі тұлғалардың танысуы үшін тиісті ақпараттық стендтерде оларды қарауға ыңғайлы жерде, сондай-ақ АИРТ-Ecomed-тің Интернет желісіндегі ресми сайтында орналастырылады.
Осы тармақтың сақталуына жауапкершілік АИРТ-Ecomed-тегі әкімшілік басқармаға (КБ), АИРТ-Ecomed-тегі ақпаратты басқару жөніндегі бөлімшелердің директорларына тиісінше жүктеледі.
12.2. АИРТ-Ecomed-тегі еңбек және білім беру процесінің жағдайларын айқындайтын Қағидалардың және өзге де ұйымдастырушылық-құқықтық құжаттардың түпнұсқаларының орналасқан жерін АИРТ-Ecomed әкімшілігі мүдделі АИРТ-Ecomed бөлімшелерінің өтінімдері бойынша АИРТ-Ecomed-те белгіленген арнайы тәртіппен олардың көшірмелерін алу мүмкіндігін қамтамасыз етуді ескере отырып айқындайды.
12.3. Қағидалармен реттелмеген құқықтық қатынастарға, оның ішінде еңбек және білім беру процестерін ұйымдастыруға қатысты қатынастарға Қазақстан Республикасының заңнамасы мен заңға тәуелді актілерінің нормалары, сондай-ақ АИРТ-Ecomed құқықтық актілері қолданылады.
12.4. Егер Қағидалардың нормалары Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған құқықтық актілерінің нормаларына қайшы келсе, олар соңғылары күшіне енген сәттен бастап қолданылуын тоқтатады. Қағидаларға тиісті өзгерістер белгіленген тәртіппен енгізіледі.
12.5. Қағидаларды сақтамаған немесе бұзған АИРТ-Ecomed қызметкерлері мен білім алушылары Қазақстан Республикасының заңнамасына, АИРТ-Ecomed Жарғысына және осы Қағидаларға сәйкес жауапкершілікке тартылады.