12 000+ детей родилось
с нашей помощью

«Құтыдағы бақыттың» құны қанша?


Елімізде ең алғаш «Экомед» адам репродукциясы клиникасын ашқан биология ғылымдарының докторы, профессор, Құрмет орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Салтанат Байқошқарова мен осы саланың дамуына өзіндік үлесін қосқан Батыр Бекмұсаев орталықтың сол кездегі жұмысы мен алғашқы жетістіктері жайлы «Дидар» газетінің редакциясына келіп, арнайы сұхбат берген еді. Одан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Енді міне «Экомед» клиникасының желісі Өскеменде де ашылып отыр. Бұл бір балаға зар болып отырған отбасылар үшін маңызды оқиға.

«Құтыдағы бақыттың» құны қанша?

Құтыдағы алғашқы нәресте

Адам баласы өз басына түспей ешнәрсенің байыбына бара бермейтіні рас. Кім білсін, жеті жыл бойы бала көтере алмай қатты қиналмағанда ол кезде дәрігер-лаборант болып жүрген Салтанат Байқошқарова мыңдаған жанұяға қуаныш сыйлаған осы орталықты ашуды қолға алар ма еді? Сол жылдары алдына нақты мақсат қойған Салтанат Берденқызы өз қаражатымен Мәскеудегі ЭКО орталығында арнайы оқып, В.Здановский, Б.Леонов, В.Корсак сынды ресейлік ғалымдардан дәріс алды. Дүниежүзіндегі ЭКО әдісінің негізін қалаушы, Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Роберт Эдвардс Лондонда өткен Елизавета II патшайымның патронажымен өткен екі миллионыншы құтыдағы нәрестенің дүниеге келуіне арналған халықаралық конгресте осы тәсілді Қазақстанда қолға алған Салтанат Байқошқарованы арнайы құттықтады.

Еліміздегі ең алғашқы құтыдағы нәресте Алматыдағы «Экомед» клиникасында 1997 жылы дүниеге келді. Апгар шкаласы бойынша сегіз баллға сәйкес келетін сап-сау қыз дүние есігін ашты.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған «Экомедтің» бүгінгі жетістіктері елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де мәлім. Еліміздегі орталық арқылы өмірге келген сәбилер Америка, Канада, Германия, Түркия, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Украина елдерінде бір-бір отбасының көз қуанышы болып отыр.

ЭКО әдісін қолға алуда қолдау білдіріп, әйелдермен қатар ер адамдардың да денсаулығын жақсарту керектігін, ол үшін арнайы бағдарлама қабылдану қажеттігі жөнінде алғашқылардың бірі болып дабыл қаққан академик, уроандрология саласының білгірі, профессор Бейнеш Жарбосынов болды. 

«Құтыдағы бақыттың» құны қанша?

Балалы үй – базар

Өскемендегі клиника жаңа заманауи технологиялармен қамтылған. Онда алдымен репродуктолог дәрігер, акушер-гинеколог қабылдайды. Әрі қарай 
бедеуліктің себебін анықтау және емдеу шаралары жасалады. Аналық без қызметін бақылау, бүйрек, қуық безі, кіші жамбас, сүт безі, қалқанша безі, іш қуысын ультрадыбыстық зерттеу, фолликулометрия, гормоналдық стимуляция қызметтерімен қатар, сперма, аналық ұрық, эмбриондар криоконсервациясы жасалады.

Өскеменде жаңадан ашылған клиниканың директоры Дамира Мүсірәлиеваның айтуынша, Астана мен Алматы клиникаларына Шығыс өңірінен келіп емделушілер көп. Сондықтан бұл орталық сәби сүйе алмай, бедеулікке ұшыраған отбасылардың сұранысы бойынша ашылған. – Негізгі мақсатымыз – пациенттерге қолайлы жағдай жасау. Бұрын мәселен, Астана немесе Алматы клиникаларына барып, анализ тапсыру үшін ғана екі аптадай уақыт кететін. Ал қазір сараптамалардың барлығын осы Өскеменде тапсырып, қажетті тексерулерден өтіп, бедеуліктің себебі анықталып, емделгеннен кейін барып экстракорпоральді ұрықтандыру жасатуға 3-5 күнге ғана барады, -дейді Дамира Әлмұхамедқызы. 

ЭКО-ға дейін емделу нәтижесінде, табиғи жолмен бала көтеретін жағдайлар да аз емес екен. ЭКО әдісімен бала көтеру үшін емделу құны 325 мың теңгеден басталады. Мемлекеттік және облыстан бөлінетін квоталар бар. Мысалы, емделу құны миллион теңге болса, соның шамамен 350-400 мың теңгесі квотамен өтеледі. Квота арнайы ережеге сәйкес, бала табуға қабілетті жастағы, тұрмыстағы әйелдерге жылына бір рет беріледі.

Клиникада тәжірибелі дәрігерлердің бақылауымен экстракорпоральді ұрықтандыруға дейінгі шаралар жүргізіледі. Түрлі сараптамалардың көмегімен диагностика жасалады. Бедеуліктің себебін білу үшін дәрігер аналық және тағы басқа репродуктивті жүйеге әсер ететін эндокринді бездердің жұмысын анықтауы керек, сондықтан қандағы гормондардың құрамын тексереді. 

Дәл осындай орталық күзге қарай Семей қаласында да ашылады деп жоспарланып отыр.

«Құтыдағы бақыттың» құны қанша?

– Егер жүктіліктен сақтанбаған жағдайда бір жылдың ішінде жүктілік болмаса, жұбайлардың тексеріле бастағаны жөн. Осы саладағы он бес жылдық тәжірибеме сүйенсем, ерлі-зайыптылар 8-10 жыл бойы бала сүйе алмай жүрсе, көп жағдайда себеп ер адамнан болады. Ал әйелдер болса ұзақ жылдар бойы өздігімен «емделіп» жүреді. Бұл – дұрыс емес. Облыс бойынша жасаған мониторинг нәтижесі ер адамдар арасындағы бедеуліктің көп екендігін айғақтайды, – дейді репродуктолог дәрігер Назгүл Маханбетова. 

– Жиырма жастағы әйелдің бала көтеру мүмкіндігі – 15-20 пайыз, отыз жаста – 10 пайыз, ал қырық жаста – 5 пайыз. Денеден тыс ұрықтандыру және эмбрионды жатырға қондыру әдістерінде аналық бездерді ынталандыру арқасында бұл көрсеткіш екі есе көбейеді.

Денеден тыс ұрықтандыру бүгінгі күнде бедеулікті емдеудегі ең тиімді және нәтижелі әдіс болып саналады. Бұл әдіс жатыр түтікшелерінің өткізу қабілетінің бұзылуында, еркектердің бедеулігінде, эндометриоз жағдайларында, аналық бездердің дұрыс жұмыс атқара алмағандығынан, бедеуліктің себебі табылмаған кездерде және басқа емдердің нәтижесі болмаған кезде жасалады.

Мамандардың айтуынша, бедеуліктің себептері өте көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша ер адамдарда бедеуліктің 16, ал әйелдерде 22 түрлі себебі анықталған. Еркектің ұрықтандыру қабілетінің төмен болуына ең алдымен қоршаған орта экологиясы, стрестік жағдайлар, зиянды өндіріс орындарында жұмыс істеуі, генетика, өмір сүру салты, жедел және созылмалы түрде өтетін жалпы аурулар әсер етеді. 
Әйел бедеулігі қазір отыз пайызды құрайды. Ол гормоналдық жетіспеушілік, жатыр түтікшелерінің болмауы немесе олардың өткізу қабілетінің бұзылуы, созылмалы эндометриоз, поликистоз, қалқанша безі аурулары, метаболикалық қызметтің бұзылуы, иммунологиялық аурулар, бұрын жасалған жасанды түсік жиі себеп болады. Ерлі-зайыптылардың үш пайызында репродуктивті жүйесі дұрыс бола тұра бедеулік иммунологиялық сәйкессіздіктен болуы да мүмкін. Сонымен қатар бедеулік денсаулығы жақсы, бір-бірімен сәйкес келетін ерлі-зайыптылардың арасында да болады. Оны идиопатиялық немесе себебі белгісіз бедеулік дейді.

Емделу амбулаторлық түрде жүреді. Аналық бездерді гормоналдық дәрілермен ынталандыру кезеңі әр әйелде әртүрлі өтеді, ол әйелдің жасы, салмағы, бұрынғы болған аурулар, бедеуліктің себебі сияқты көп жағдайларға байланысты.
Денеден тыс ұрықтандыру балалардың денсаулығына әсер етпейді.

Дүниежүзінде екі миллионнан астам бала осы әдістің көмегімен дөмірге келген. 

Дәрігер Назгүл Маханбетова айтып өткендей, егер әйелдің аналық бездерінен әртүрлі жағдайлармен ұрық алуға мүмкіншілік болмаған жағдайда донор әйелдің ұрығын пайдалануға болады. Оны аталық ұрықпен ұрықтандырып өз әйеліне эмбрион түрінде салып береді.

Ал суррогатты ана бағдарламасы бойынша денсаулығы жарамайтын әйелдер ана бола алады. Өздерінен алынған ұрықтан пайда болған эмбрион басқа әйелдің жатырына салынады. Ол әйел жүктілікті бала дүниеге келгенше көтеріп беруі тиіс. Бұл жағдайларда жұптарға орталықтағы маманданған психологтар мен заңгерлер ақыл-кеңестерін береді.

Орталықтың мекенжайы: Өскемен қаласы, Карбышев көшесі, 24.
Байланыс телефондары: 702-701, 8 705 798 22 27, 8 775 007 07 00 (бірыңғай колл-орталық) 

Айжанат Бақытқызы
http://didar-gazeti.kz/