Аңсаған сәби» арқылы 3 жылда 7 мың нәресте дүниеге келді
Аталмыш іс-шараға еліміздің әр аймағынан елордадағы мамандарға перзент сүю мақсатымен келіп, дегеніне жеткен 100-ден астам ата-ана бір-бірімен қауышып, көкейдегі қуанышын көппен бөлісті.
Мерекелік кеште Қазақстанда денеден тыс ұрықтандыру зертханасының негізін қалаған Салтанат Байқошқарова, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сөз сөйлеп, балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтады.
«Бұл жерге 2020 жылдан бері іске асырыла бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасының мол нәтижесінің бір бөлігін ғана көруге келдік. Кейінгі үш жылдың ішінде, яғни, осы бағдарлама басталғаннан бері республика бойынша 7 мыңнан астам сәби жатырдан тыс ұрықтандыру арқылы дүниеге келді. Оған дейін бюджеттен мұндай тәсілмен ұрпақ сүйгісі келетіндерге 1000 квота беріліп келсе, Президент тапсырмасымен квота саны 7 есе арттырылғанын білесіздер. Ол кезде кезек күтетін ата-аналардың саны көп болатын. Кезек уақыты 7-8 жылға дейін созылатын. Қазір жыл сайын 7 мың квота бөлініп отырғандықтан кезек мерзімі 12 айға дейін қысқарып отыр. Бұл халықаралық межемен алғанның өзінде жақсы көрсеткіш», – деді министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Сондай-ақ ол «Аңсаған сәби» бағдарламасының тиімділігі де халықаралық меженің ең жақсы деген көрсеткіштеріне сай екенін айтады.
«Мен айтқан үш жылда 21 мың квота берілсе, соның ішінде 7 мың квота жемісін беріп, дені сау баланы өмірге әкелген. Бұл да халықаралық көрсеткіштермен салыстырсақ әлдеқайда жақсы көрсеткіш. «Экомед» орталығының мамандары, репродуктолог ғалымдар, ата-аналар «Аңсаған сәби» бағдарламасының тиімділігін айтып, бірқатар ұсынысын жеткіздік. Оның көбі тариф көлемі мен құнына байланысты. Бәрін мамандармен ақылдаса отырып шешуге болады деп есептеймін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алған бұл бағдарламаның қолжетімділігін халық та сезіп отыр. Мамандар да жеткілікті. Осы мәселе бойынша Орталық Азияда көшбасшыға айналдық. Шетелден келіп жатқан қонақтар да аз емес», – деді Ақмарал Әлназарова.
Фестивальден кейін министр А.Әлназарова мен «Экомед» клиникалар тобының Астанадағы орталығының медициналық директоры Алмаз Ибрагимов «Аңсаған сәби» аясында өмірге келген екі баланың тұсауын кесті.