Алматыда айтулы оқиға — медициналық мекеменің 30 жылдық мерейтойына орайластырылған «Экомед» клиникасының жаңа ғимаратының ашылуы өтті, деп хабарлайды Vecher.kz.

Ғимараттың қасбетіне «Аңсаған сәби» мүсіні орнатылды. Ана алақанындағы сәбиді бейнелейтін композицияны жасауға Мемлекет басшысы ұсынған халықтың репродуктивтік денсаулығын жақсартуға бағытталған бағдарлама идеясы арқау болды.

2020 жылы «Аңсаған сәби» жобасын іске асыру бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерді. Жыл сайын экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) рәсіміне 7 мың квота бөлінеді. Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған алғашқы жылдың өзінде, яғни 2021 жылы Қазақстанда 3 мыңнан астам сәби дүниеге келді.

Клиниканың жаңа ғимараты заманауи жабдықтармен және озық медициналық технологиялармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, мұнда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін EmbryoScope Plus инкубаторлары орнатылған. Олар эмбрионның дамуын тәулік бойы, 24/7 режимінде бақылауға, қателік қаупін барынша азайтуға және сәтті ұрықтану мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік береді.

— Біз ЭКҰ-ға деген тәсілді өзгертіп, оны анағұрлым дәл әрі жеке етуге мүмкіндік беретін инновациялық EmbryoScope Plus AI жүйесін енгізгенімізді мақтан тұтамыз. Сондай-ақ сәтті ұрықтану мүмкіндігін арттыруға көмектесетін бірегей жапондық Piezo ICSI технологиясын ерекше атап өткен жөн, — деді «Экомед» клиникалар тобының негізін қалаушы және ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова.

Оның есімі Қазақстанда ғана емес, елімізден тыс жерлерде де жақсы таныс. Дәл осы Салтанат Байқошқарова 1995 жылғы 18 сәуірде еліміздегі алғашқы сәтті ЭКҰ рәсімі жүргізілген зертхананың негізін қалады. Содан бері мыңдаған жұп ана мен әке атану бақытына ие болды.

— Менің арманым — Қазақстанда бедеулікке тап болған бірде-бір жұп қалмаса екен. Әрбір шаңырақ бала күлкісіне толса екен деймін. Алайда бұл мақсатқа жету жолы тек технологиялардан ғана емес, пациентке деген шынайы жанашырлықтан басталады. «Аңсаған сәби» мүсіні әзірге ата-ана болуды армандап жүрген жандардың жүрегіне сенім ұялатуға арналған. Бүгінде еліміздегі әрбір алтыншы жұп «бедеулік» диагнозымен бетпе-бет келеді, және біз бұл статистиканы өзгерту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды жалғастырып келеміз, — деді Салтанат Байқошқарова ашылу салтанатында.

Іс-шараға ЭКҰ көмегімен сәби сүйген отбасылар да қатысты. Ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі — кезінде «Экомед» клиникасының көмегімен дүниеге келген 23 жастағы Диана Омарованың оқиғасы болды. Ол Салтанат Байқошқароваға жеке алғысын білдіру үшін ашылу салтанатына әкесімен бірге келді.

— Менің ата-анам сегіз жыл бойы сәби сүйе алмады. Олар көптеген сынақтан өтті, бірақ ғажайыпқа деген сенімдерін жоғалтпады. Сөйтіп, бір күні «Экомедке» келді. Осылайша мен дүниеге келдім. Жыл сайын туған күнімде әкем: «Қызым, есіңде болсын, сен біздің өмірімізге екінші анаң — Салтанат Берденқызының арқасында келдің», — деп айтатын. Мен онымен кездесіп, алғыс айтуды әрдайым армандайтынмын. Бүгін сол күн келді. Біз осында келдік. Отбасымызға сыйлаған жарығыңыз үшін рақмет, — деп бөлісті ол.

Диана Омарованың оқиғасы — осындай көптеген тағдырлардың бірі ғана. Үш онжылдық ішінде «Экомед» үш кабинеті бар шағын зертханадан репродуктивтік медицинаның флагманына дейінгі жолдан өтті. Бүгінде бұл — еліміздегі ең ірі клиникалар желісі, оның көмегімен 20 мыңға жуық сәби дүниеге келген.

Алматы тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) есебінен толық қаржыландырылатын экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламасын белсенді пайдаланады. Тек 2024 жылдың өзінде «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге 3229 рәсім жүргізілді.

Дереккөз: https://vecher.kz/ru/article/iskusstvennyi-intellekt-pomojet-kazahstanskim-reproduktologam-iz-ekomed-effektivnee-borotsia-s-besplodiem.html