Қазақстандағы ЭКО-ға 25 жыл
1995 жылғы 18 сәуір — Қазақстандағы бедеулікті экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісімен емдейтін алғашқы «Экомед» зертханасының құрылған күні.
Сол жылы зертхананың шағын кәсіби ұжымы еліміз үшін маңызды ғылыми жетістікке қол жеткізді — Қазақстанда алғаш рет эмбрионды сәтті тасымалдау жүзеге асырылып, соның нәтижесінде болашақ ананың көптен күткен жүктілігі басталды.
Ал 1996 жылғы 31 шілдеде Қазақстандағы алғашқы «пробиркадан туған сәби» дүниеге келді. Оның дүниеге келуіне биология ғылымдарының докторы, Қазақстандағы ЭКҰ саласының негізін қалаушы әрі «ЭКОМЕД» клиникалар желісінің ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова үлес қосты.

(Суретте Салтанат Байқошқарова Қазақстандағы алғашқы «Экомед» ЭКҰ зертханасында, 1995 жылғы сәуір)
Бүгін Қазақстанда ЭКҰ әдісі қолданыла бастағанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде бұл әдістің арқасында тұтас бір қалашыққа тең ғажайып сәбилер дүниеге келді!
Бұл мерейтойлық жыл «ЭКОМЕД» клиникалар желісінің қызметкерлері мен пациенттері үшін ерекше. Жыл басында клиникалар желісінің басшылығы салтанатты мерекелер мен пайдасы аз іс-шаралардан бас тартып, оның орнына пациенттерге қайырымдылық көмек көрсетуге, сондай-ақ көмекке мұқтаж балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға шешім қабылдады.
2020 жылды Мемлекет басшысы «Волонтер жылы» деп жариялады. Осы ізгі бастаманы үлгі ете отырып, «Экомед» бедеулік мәселесіне тап болған баласыз жұптарға қайырымдылық көмек көрсетуді жоспарлады. Жоғары технологиялық ЭКҰ әдісі елеулі қаржылық шығындарды талап етеді және көптеген отбасы үшін бұл емделу туралы шешім қабылдаудағы негізгі факторлардың бірі болып табылады. Осыған байланысты «ЭКОМЕД» клиникалар желісінде клиника қызметтеріне жеңілдікпен қаржылық қолдау көрсететін бірқатар бағдарламалар әзірленді. Жыл басынан бері бедеулікті емдеумен айналысатын білікті мамандар жоқ өңірлерде тегін көшпелі қабылдаулар өткізілді. Сонымен қатар емдеудің бірнеше кезеңінен өтіп жатқан клиника пациенттеріне арналған жеңілдікті бағдарламалар іске қосылды.
«Бұл мерейтойлық жыл біздің клиникаларымызда «Қайырымдылық жылы» деп жарияланды. Қазір еліміз бен бүкіл әлемді пандемия жайлаған кезде мереке өткізетін уақыт емес. Бұл — бәріміздің бірлігімізді танытып, әрқайсымыз өз мүмкіндігімізге қарай көмек көрсетуіміз қажет кезең!
Жағдай тұрақталып, жақындарымыздың денсаулығына алаңдамай, қалыпты өміріміз бен қызметімізге қайта оралатын күн жақын деп үміттенеміз.
Баршаңызға мықты денсаулық, бақыт және отбасыларыңызға амандық тілейміз! Болашақ ата-аналардың асыл армандарының орындалуына қайтадан бар күшімізбен көмектесетін уақыт тезірек келсін!» — деп тілек білдірді «Экомед» клиникасының ұжымы.

Айта кету керек, Қазақстан үшін бедеулік мәселесі аса өзекті, өйткені жыл сайын шамамен 20 мың жұп бедеулік мәселесіне тап болады. Олардың шамамен 10 мыңы қосалқы репродуктивтік технологияларды, яғни басқа әдістермен жүктілікке қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда қолданылатын экстракорпоралдық ұрықтандыруды (ЭКҰ) қажет етеді.
Жалпы Қазақстанда бедеу некелердің жиілігі 15 пайызды құрайды. ДДҰ мұндай көрсеткішті мемлекеттік деңгейдегі мәселе деп есептейді, өйткені ол халықтың демографиялық көрсеткіштеріне әсер етеді.